Сайыстың мақсаты - ерекше балаларды жігерлендіріп, өмірге, өнерге деген құлшынысын арттыру, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Ерекше жандардың арасында да талантты балалардың бар екендігін көрсетіп, олардың өнерін көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылған бұл шара аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып өте жоғарғы деңгейде өтті.
Шараға Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев, бөлім басшылары, мұғалімдер мен оқушылар және ата-аналар қатысты.
Байқауды Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп ұйымдастырды. Аталған шара 3 кезеңнен тұрды. Оған аудандағы 12 білім беру ұйымынан ерекше білімді қажет ететін 58 оқушы қатысты.
1-кезең «Сиқырлы қалам» деп аталды. Байқауға бейнелеу өнерінің түрлі техникасында, кез келген құралмен (кескіндеме, графика, компьютерлік графика және т.б.) орындалған суреттер немесе өзара мағынамен байланысқан суреттер желісі қабылданды.
2-кезең «Шебер қолдар». Байқауға жарамсыз және табиғи материалдардан жасалған бұйымдар, кәдесыйлар мен сыйлықтар, қуыршақтар мен ойыншықтар қабылданды.
3-кезең «Жарық жұлдыз». Байқауға ән, би, көрініс қойылымын қоятын оқушылар қатысты. Ән бойынша орындау шеберлігі, би бойынша пластика, костюм, орындау мәнері қаралса, көрініс бойынша әртістік өнер мен қойылым тақырыбын ашылу деңгейі қаралды.
«Сиқырлы қалам» кезеңі бойынша Боранқұл жалпы білім беретін мектептің 11-инклюзив сынып оқушысы Гүлнұр Қалымжан 1-орынды иеленді.
«Шебер қолдар» кезеңі бойынша 1-орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің 9-арнаулы сынып оқушысы Расул Сарманов жеңіп алды.
«Жарық жұлдыз» кезеңі бойынша 1-орынды Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің 1-арнаулы сынып оқушылары Рахметолла Гүлсезім, Қамбар Жанерке, Назархан Аружан, сол мектептің 9-арнаулы сынып оқушысы Ақерке Бауыржанқызы, мектептің 8-сынып оқушысы Нұршат Яхияева және сол мектептің 8-арнайы сынып оқушысы Нұржан Боранбаев өзара бөлісті.
Байқауға қатысқан барлық оқушыларға дәрежелі диплом табысталып, бағалы сыйлықтар берілді.
-Соңғы жылдары ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды біздер ерекше балалар деп атап жүрміз. Себебі олар да қоғамның бір бөлшегі. Олар да билеп, ән салып, қуанғысы келеді. Біздің мақсатымыз оларды ештеңеге мұқтаж қылмай, қатардан қалдырмай, оларға бақытты балалық шақ сыйлау. Бұл шара да сол үшін ұйымдастырылған болатын. Барлық жанашыр жандарға, мұғалімдерге, ата-аналарға, алғыс білдіремін. Облыс және аудан басшылары қолдаса келер жылы осы бастаманы облыстық деңгейде өткізу ойымызда бар, - деді Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев.